Қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы
И.С Жекенова

Медициналық қызмет көрсету стандарттары

      «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 35-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру мен жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес денсаулық сақтау саласындағы кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1)2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой
 Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 3 желтоқсаны
№ ҚР ДСМ-230/2020
бұйрығымен бекітілген

Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру және жүргізу қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Медициналық көрсетілген қызметтер (көмек) сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 35-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және меншік нысаны мен ведомстволық тиістілігіне қарамастан денсаулық сақтау субъектілері көрсететін медициналық қызметтердің сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ауруханаішілік комиссиялар – денсаулық сақтау ұйымдарында құрылатын комиссиялар (инфекциялық бақылау комиссиялары, өлімді зерттеу жөніндегі комиссиялар);

      2) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі – Қор) – аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптарда сатып алуды және оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;

      3) бейінді маман – жоғары медициналық білімі бар, денсаулық сақтау саласында сертификаты бар медицина қызметкері;

      4) денсаулық сақтау саласындағы стандарт (бұдан әрі – Стандарт) – медициналық, фармацевтикалық қызмет, денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми қызмет, цифрлық денсаулық сақтау саласында денсаулық сақтау саласындағы стандарттауды қамтамасыз ету үшін қағидаларды, жалпы қағидаттар мен сипаттамаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт;

      5) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек)көрсету сапасы саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6) емделіп шығу жағдайы – стационарда және стационарды алмастыратын жағдайларда пациентке түскен сәттен бастап шыққанға дейін көрсетілген медициналық қызметтер кешені;

      7) клиникалық аудит – жүргізілген емдеу-диагностикалық іс-шаралардың Денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан егжей-тегжейлі ретроспективті және/немесе ағымдағы талдау;

      8) клиникалық хаттама – белгілі бір ауру немесе пациенттің жай-күйі кезінде профилактика, диагностика, емдеу, медициналық оңалту және паллиативтік медициналық көмек жөніндегі ғылыми дәлелденген ұсынымдар;

      9) медициналық қызметтердің (көмектің) сапасына тәуелсіз сараптама – көрсетілетін медициналық қызметтердің (көмектің) тиімділік, толымдылық және стандарттарға сәйкестік көрсеткіштерін көрсететін индикаторларды пайдалана отырып, денсаулық сақтау субъектілері көрсететін медициналық қызметтердің (көмектің) сапасы туралы қорытынды шығару мақсатында ішкі және сыртқы сараптама шеңберінде тәуелсіз сарапшылар жүргізетін рәсім;

      10) медициналық қызметтер – нақты адамға қатысты профилактикалық, диагностикалық, емдеу, оңалту және паллиативтік бағыты бар денсаулық сақтау субъектілерінің іс-әрекеттері;

      11) медициналық көмек – дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, халықтың денсаулығын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер кешені;

      12) медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) сапасына сараптама – медициналық көрсетілетін қызметтердің тиімділік, толымдылық және стандарттарға сәйкестік көрсеткіштерін көрсететін индикаторларды пайдалана отырып, жеке және заңды тұлғалар ұсынатын медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша қорытынды шығару үшін жүзеге асырылатын ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралар жиынтығы;

      13) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган (бұдан әрі – мемлекеттік орган) – медициналық қызметтер (көмек)көрсету саласындағы басшылықты, медициналық қызметтер (көмек) сапасын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      14) медициналық қызметтер көрсету ақауы (бұдан әрі – ақау) – стандарттарды сақтамаудан және клиникалық хаттамалардан негізсіз ауытқудан көрінетін медициналық қызметтер (көмек) көрсету тәртібінің бұзылуы, сондай-ақ медициналық қызмет көрсету және (немесе) көмек көрсетудің расталмаған жағдайының фактісі;

      15) полипрагмазия – дәрілік заттарды негізсіз, артық тағайындау;

      16) ретроспективті талдау – сараптама жүргізу кезінде медициналық көмек алған пациенттердің медициналық құжаттамасын зерделеу негізінде талдау;

      17) сыртқы индикаторлар – сыртқы сараптама кезінде қолданылатын, медициналық қызметтің сапасына талдау және бағалау жүргізу мақсатында Денсаулық сақтау субъектісінің медициналық қызметінің тиімділігін, толықтығын және денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкестігін сипаттайтын көрсеткіштер;

      18) тәуелсіз сарапшы – уәкілетті орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін және тәуелсіз сарапшылар тізілімінде тұратын жеке тұлға;

      19) ішкі индикаторлар – медициналық қызметтің сапасына талдау және бағалау жүргізу мақсатында ішкі сараптама кезінде қолданылатын, Денсаулық сақтау ұйымының әрбір құрылымдық бөлімшесінің медициналық қызметінің тиімділігін, толықтығын сипаттайтын көрсеткіштер.