Қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы
И.С Жекенова

Қазақстанда 20 миллионнан астам адам тұрады, олардың ішінде 17 миллионнан астамы (82 %-дан көп) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған.Кімдер қазірдің өзінде қорғалған?

Кімдер қазірдің өзінде қорғалған?

  • 12 миллионнан астам адам жеңілдік санаттарына жатады (балалар, студенттер, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар және т.б.). Олар үшін жарналарды мемлекет толық немесе ішінара төлейді.
  • Шамамен 4,5 миллион азамат жарналарды өздігінен әрі тұрақты түрде төлеп отыр.

Сонымен қатар, 3,5 миллионнан астам адам әлі де МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Олардың шамамен 1 миллионы — әлеуметтік әл-ауқаты өте төмен деңгейдегі азаматтар (Отбасының цифрлық картасы бойынша D және E санаттары), яғни олар жарналарды өз бетінше төлеуге объективті түрде мүмкіндігі жоқ.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін маңызды өзгерістер:

  • Әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық және шұғыл деңгейдегі азаматтар үшін МӘМС қорына жарналарды жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет қаражаты есебінен төлейтін болады.
  • Ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жарналар да жергілікті бюджетке ауыстырылады (бұрын олар республикалық бюджеттен төленген).

Нәтижесінде, бұл санаттағы азаматтар автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болып, МӘМС шеңберінде медициналық көмектің толық көлемін тегін ала алады, соның ішінде:

  • бейінді мамандардың консультациялары,
  • жоғары технологиялық диагностика (МРТ, КТ, ПЭТ-КТ және т.б.),
  • жоспарлы және шұғыл операциялар,
  • стационарлық емдеу,
  • қымбат дәрілік препараттар мен оңалту қызметтері.

Егер сіз немесе жақындарыңыз аталған санаттарға жататынын және 2026 жылдан бастап сіз үшін жарна төленетін-төленбейтінін нақтылағыңыз келсе, тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелген емханаға немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласыңыз.
МӘМС жүйесіндегі ағымдағы мәртебеңізді кез келген уақытта тексеруге болады:

  • Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы
  • @SaqtandyryBot Telegram-боты арқылы
  • eGov.kz электрондық үкімет порталында
  • 1414 нөмірі арқылы (Қазақстан бойынша қоңырау тегін)

Есіңізде болсын: МӘМС аясында медициналық көмектің толық көлемін алу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша емханаға тіркелу қажет.
Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз — сақтандырылған болыңыз